• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2015

Ассамблея ұсынысы  – халық құлшынысы

336 рет
көрсетілді

Елімізге тағы да серпіліс керек

Биылғы жылы елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу бастамасын мемлекеттік саясаттың дамуына мүдделі Қазақ мемлекеттік қыздар педа­­гогикалық университетінің ұжы­мы мен студенттері бірауыздан қолдайды. Бұл дер кезінде кө­те­ріл­ген әрі біртұтас Қазақстан қо­ға­мын бір тудың астына топтас­тыратын серпіліске толы оқиға. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Тәуелсіз Қазақстаннан бөліп қарау мүмкін емес, ол санаға сыймайды. Өйткені, Қазақстан халқы үшін Елбасы мызғымас сенім әрі алынбас қамалдарды мұқалтар Елбасы. Әрбір қазақстандық үшін Қазақстан және Назарбаев – егіз ұғым, солай қала береді де! Баршамызға белгілі, кезекті президенттік сайлау 2016 жылы өтуі керек. Бұған қоса, Парламент депутаттарының сайлау науқаны да сол жылға жоспарланған. Сайлау науқаны бір күннің шаруасы емес екені бесенеден белгілі. Оған үлкен дайындық жүргізіліп, қаржылық жоспар бекітілетіні тағы да бар. Жаңарған мемлекеттің жаңа Парламентін сайлауда оған жағдай жасау үшін алдымен ел Президенті сайлануы керек. Демек, ҚХА Кеңесіндегі президенттік сайлауды мерзімінен ертерек өткізу ұсынысы өте орынды деп есептеймін. Рас, 2011 жылы Президент және Парламент сайлаулары қатар өтті. Ол уақытта Қазақстан Пар­ламент сайлауын саяси партия­ларға дауыс беру арқылы жүзеге асырып, саяси тұрғыда тың ре­форма жасаған болатын. Оған пре­зиденттік сайлаудың бірге жүр­гізілуі серпіліс бергені ақиқат. Бұл дегеніміз – енді прези­денттік сайлаудың парламент­тік науқаннан ерте өтуі ел мәжі­лісмендері орынтағына деген сая­си партиялардың бәсекелестігін арттыруда олардың қабілеттігін дамытады деген сөз. Өйткені, олар алғашқы реформада «әттеген-ай» деген тұстарын саралап, келесі саяси додаға тастүйін дайын жүр. Халыққа саяси науқанның тағы бір беретін жетістігі бар. Ол – президенттік сайлау ке­зінде елге жарияланатын үміт­кер­лердің бағдарламалары дағ­дарыс сын-қатерлерінің алдын алуда Қазақстанның ілгерілеуін қамта­­масыз етпек. Онда халық­аралық қоғамдастықты алаңдатып отырған экономикалық және әлеуметтік қиындықтардан құтылу тетіктері жан-жақты саралануы мүмкін. Бұл – әрбір менеджерге таптырмай­тын құндылық. Со­нымен қа­тар, біз президенттік сайлауда беріл­ген уәделердің толықтай орын­да­латынына өте сенімдіміз. Яғни, бұл бастама арқылы Елбасы Н.Ә.На­зарбаев­тың «дағдарыстан – дамуға» атты бұрыннан келе жат­қан қа­ғидаты Қазақстанның жа­ңа ба­ғытта өркендеуіне жағдай туғызбақ. Сондықтан, дағдарыс уақы­тында ел ертеңіне сенімді де батыл қадамдар жасау үшін Мемлекет басшысын таңдайтын ең басты әрі маңызды сайлауды кешіктірмей мерзімінен бұрын өткізсек ұтыл­­­маймыз. Әлемдік деңгейдегі эко­но­микалық сарапшылардың жоба­лауынша, 2016 жылы әлемдік дағдарыс өзінің шарықтау шегіне – амплитудасына жетеді. Демек, ұсақ-түйекке уақыт жо­ғалту, кідіру аса орынсыз. Мұ­ны дүниежүзілік кеңістікте «қа­зақстандық үлгі» ре­тінде та­нылған Ассамблея өкілдері жан-тәндерімен сезініп отыр деуге болады. Осыдан келіп туындайтын ой – біз барша біртұтас Қазақстан хал­қы қоғам дамуы және эконо­мика­лық дағдарысқа жол бермеу­де Елбасының барлық назары мен қабілетіне мүмкіндік беруіміз қажет. Бұл – өте орынды әрі тиімді бастама. Өйткені, аталған жағдаят алдағы қыруар соқпақтардың қа­сын­­да моншақтай мәселе болып қа­лады. Осы орайда, біз бар­лы­ғын­ жоспарлы ойластырып қана қой­май, уақытты тиімді пайдала­нып, болып қалуы мүмкін қиын­шы­лық­тар­ды жеңуге ерте бастан қам­дан­ғанымыз абзал. Ол үшін тағы да бір саяси тұрғыдан серпілуіміз керек. Динар НӨКЕТАЕВА, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры. АЛМАТЫ.

Бірлігіміздің баянды болуы үшін

Біз, Қазақ жерін киелі меке­німізге балаған өзге этностардың өкілдері Қазақстандағы татулық пен достықтың берік болуына, экономиканың кең құлаш жая өркендеп, еліміздің қуатты мемлекетке айналуына мүдделіміз. Өйткені, әлем елдеріндегі дағ­дарыс пен қақтығыстардың тек экономикаға ғана емес, алдымен, адамзатқа тигізер зардабының ауыр болатынын көріп отырмыз. Жаһан жұртын бір жағынан қаржы дағдарысының, екінші жағынан мұнай бағасының құлдырауынан жұмыссыздықтың шеңгелі қысып бара жатқан тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыстың алдын алу шараларын бастады. Нұрсұлтан Әбішұлының әріден ойлайтын көрегендігі мен сарабдал сая­сатының нәтижесінде Қазақ­стан жұрты әлемдегі қаржы дағдарысының да, мұнай бағасы­ның құлдырауының да салқынын сезе қойған жоқ. Бұған дейін де біздің еліміз Азия дағдарысының, әлемдік қаржы дағдарысының бірнеше кезеңінен аман өттік. Елімізде жұмыссыздықты тө­мендету бағытында түрлі бағдар­ламалар іске асырылып, соның нәтижесінде отандастарымыз сан алуан кәсіпорындарға жұмысқа орналасып жатыр. Әрине, қай елде де халықтың барлығы дерлік жұмыспен түгел қамтылуы мүмкін емес. Халықтың белгілі бір мөлшерін жұмыссыздар құрайтыны заңдылық десек те, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі әлемдегі, соның ішінде ТМД мемлекеттеріндегі көр­сет­кіштерден әлдеқайда тө­мен екендігі дау тудырмас шын­дық. Өйткені, біздің елі­мізде «Алдымен – экономика» қағи­дасымен отандық өнді­рістерді көптеп ашып, жаңа жұ­мыс орындарын құру арқылы жұ­мыссыздықты азайтуға баса мән беріліп отыр. Бұл – бір. Екіншіден, біздің басты табысымыз – татулық пен тұрақты­лық. Бұл көптеген елдердің күні-түні аңсайтын, қанша тырысса да қол жеткізе алмай жүрген мәңгі­лік арманына айналды. Ал бізде ше? Бізде Құдайға шүкір, татулық пен тұрақтылықтың туы жығыл­ған, беріктігіне сына қағыл­ған емес. Алдағы жылдарда да ор­тақ Отанымыз – Қазақстандағы бірліктің буыны бүгінгіден берік бекіп, татулығымыз бен тұрақтылығымыз мәңгілік болуына бәріміз де мүдделілік та­нытамыз. Еліміздің осындай бас­ты жетістігіне Тұңғыш Президен­ті­міз Нұрсұлтан Назарбаевтың көпэтносты бір шаңырақ­тың астына ұйыстыра, ортақ мүд­деге ұйыстыра білген тәжірибелі саясаткерлігі мен көшбасшы­лық кемеңгерлігінің арқасында жетіп отырмыз. Бүгінгі таңда алыстағы әлем елдері де, Азия мен ТМД-дағы ежелден таныс та бейта­ныс, көр­шілес мемлекеттер де Қазақ­станның кемел келе­шегіне баянды бастау болған бірлігіміз бен бір-бірінің ұлттық құндылықтарына құрмет көрсеткен татулығымызға да, экономикалық өркендеу мен тұғыры тұғырлы тұрақты­лы­ғымызға тамсанып та, әрине, қызғанып та қарайды. Жаһан жұртының бәрінің басына бұйыра қоймаған, бұйырған күнде де ұстап тұра алмаған бірлік пен татулық, өркендеу мен тұрақтылық Қазақ елінің маңдайына жазылып, қолы же­тіп тұр. Бұл – біріншіден, Алла тағаланың сыйы, екінші­ден, Ел­басы Нұрсұлтан Назар­баев­тың ерен еңбегінің жемісі. Еліміз­дің бірлігі бұдан былайғы уақыт­та да баянды болуы баршамыз­дың қо­лымызда еке­нін ұмытпай, пре­зиденттік сай­лауды мерзімінен бұрын өткізу жөнін­дегі Қазақ­стан халқы Ассам­блеясының ұсынысын қолдағанымыз жөн. Президенттік сайлауды өткізу бізге – көпэтносты қазақ­стан­дықтарға бүгінгідей әлемдік экономиканы дүмпуі қатты дағдарыс жайлаған, қауіпті сын-қатерлердің туындау мүмкіндігі ұлғайған тұста тәуелсіз Қазақстанымыздың бірлігі мен тұрақтылығын, бү­тіндігі мен өркендеу қабілетін арттыру үшін аса қажет. Александр ДУМЛЕР, «Видергебурд» неміс этномәдени бірлестігінің жетекшісі, Атырау облыстық мәслихатының депутаты. Атырау облысы.

Ойымыздағыны дөп басты

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің биыл мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы бастамасына Ақжайық өңірін мекендеген этностардың бір шо­ғыры – ұйғырлар да қосылады. XXI ғасыр ақпараттар ағыны заманы деп бекер айтпайды. Еліміздегі БАҚ беттері арқылы өзге елдердегі бауырларымыздың тыныс-тіршілігінен хабардармыз. Алайда, Қазақстандағыдай әр этносқа салт-дәстүріңді сақта, мәдениетіңді өркендет, кәсіп­керлікпен шұғылдан деп кеңшілік жасап отырған өзге мемлекетті жарық күнде шырақ алып іздесеңіз де таппайсыз. Мысалға айтар болсам, Орал өңірі аумағында ұйғырлардың отбасы өзге ұлт өкілдерімен бірге қоян-қолтық еңбек етіп жүр. Бала­ларымыз мектепте, көшеде қазақ және орыс тілдерінде сөй­легенімен, өз ана тілін де ұмыт­пайды. Менің қандастарым ата-бабасының салтымен әр отбасында кем дегенде 4-5 бала болуын назарда ұстайды. Жапырақ жайып өсіп-өркендеуі­міз­ге ортақ Отанымыз – Қазақ­стан­да барлық жағдай жасалған. Бұдан жиырма жыл бұрын Президентіміздің сарабдал саяс­а­тының арқасында бейбітшілік пен келісімнің, этносаралық толерант­тылық пен қоғамдық үйлесімнің қазақстандық үлгісінің ең бірегей және айқын жолы ретінде Қазақ­стан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл қоғамдық құрылым бүгінде елі­міздің халқын бір мақсатқа ­топтастыра алатын белсенді қоғамдық институтқа айналған. Ассамблея Отанымыздағы бар­лық этностардың рухани тұр­ғыда қайта жаңғыруы мен дамуын қамтамасыз етуде, демо­кра­тиялық ұстанымдарға, мемлекеттік ұлттық саясатта барлық этностардың мүддесіне деген құрметке негізделген ұлт­аралық қатынас мәдениетін арттыруда теңдесі жоқ қызмет атқарып келеді. Институттың ТМД-ның өзге елдеріне тигізген ықпалы айтарлықтай. Соның нәтижесінде қазақстандық үлгі бойынша көр­шілес Ресей мен Қырғызстанда халық ассамблеялары құрылды. Сөзімнің соңында мен Мем­лекет басшысының елімізде ұлт­аралық татулық пен ынтымақты нығайту бағытындағы ұстанған сая­саты мен осы тұрғыда тындыр­ған ұлан-ғайыр істері үшін де оның қолына сенім мандатын ұста­туымыз керек деп санаймын. Әсиям ҮСЕНОВА, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдениет орталығы» қоғамдық бірлестігінің Орал қаласындағы филиалының жетекшісі. Батыс Қазақстан облысы.

Дер кезінде жасалуымен құнды

Қазақстан Тәуел­сіздік алған 1991 жылдан бү­гін­гі күнге дейін 23 жыл уақыт өтіп­ті. Осы 23 жылдың ішінде Ел­ба­сымыз Н.Назарбаевтың көреген саяса­тының, білікті басшы­­лығының арқасында ғасыр көлемін­де ат­қа­рылатын жұмыстар істелді. 1991 жылы Тұңғыш Президент болып сайланып, ел тізгінін қолға алғанда Нұрсұлтан Әбішұлына да оңай болған жоқ. Империялық КСРО тарап, экономикалық байланыстар үзілді. Қазақстанның экономикасы тек қана шикізатқа негізделгендіктен, өндіріс орындары болмады. Енді не істейміз деп халық дағдарғанда Елбасы «Алдымен – экономика, содан кейін саясат» атты өзінің тарихи бағытын ұсынып, іске кірісті. 1997 жылы халыққа «Қазақстан-2030» Стратегиясын жолдады. Бүгінгі күні осы бағыттың дұрыс екен­дігін өмірден көріп отырмыз. Экономикамыз қарыштап дамып, елдің жағдайы жақсарды.  «Қазақстан-2030» Стратегиясы мерзімінен бұрын орындалып, дамыған 50 елдің қатарына ендік. Қазақстанды бүкіл әлем ел­дері, оның ішінде ұлы державалар Америка, Қытай, Ресей, Еуропа елдері мойындап, біз­дің Президентімізбен санасып, күр­делі саяси мәселелер жөні­нен ақыл­дасатын болды. Бұл Елба­сы­мыздың өлшеусіз, жанкешті еңбе­гінің нәтижесі деп ұғуымыз керек. Нұрсұлтан Әбішұлының ең негізгі жетістігі 130-дай ұлт пен ұлыс мекендейтін Қазақстанда ты­ныштық пен татулықты сақ­тауы, қантөгіске жол бермеуі дер едім. Міне, осындай «қой үстіне боз­торғай жұмыртқалаған» заман­ды әрі қарай жалғастыру үшін, еліміз­дің болашағы жарқын болуы үшін біз Нұрсұлтан Әбішұлын кезектен тыс сайлау өткізіп, қай­тадан сайлап алуымыз керек, халайық! Алдымызда бүкіләлемдік эко­номикалық дағдарыс келе жатыр. Президентіміз  бұл дағдарыстың алдын алып отыр. Оның дәлелі Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы болды. 11 ақпан күнгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы «Қазақстанда экономикалық дағдарыс жоқ, тек қана сыртқы факторлардың әсері бар», деп  атап көрсетті. Сондықтан әрбір қазақстандық мемлекеттің дағда­рыстың алдын алуға бөлген қар­жының әрбір тиынының қалай жұмсалып жатқандығын ба­­­қылауға алу керек деп ойлаймын. Мерзім бойынша 2016 жылы президенттік және парламенттік сайлаулар қатар келіп тұр. Әлемдік экономикалық дағдарыстың шарықтау шегі 2016 жылға келеді деген болжам бар. Сондықтан президенттік сайлауды 2015 жылы өткізу жөніндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысын толықтай қолдай отырып, халықты да қолдауға шақырамын. Ержан ҚҰТТЫБАЕВ, Шығыс Қазақстан  облыстық мәслихатының депутаты, аудандық Азаматтық альянстың жетекшісі. Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылы.

Орынды жасалған ұсыныс

Бүгінде біз ақпарат құралдары арқылы әлемде болып жатқан түрлі жайлардан хабардармыз. Әлемді шарпыған дағдарыстың, мұнай бағасының құлдырауы мен Ресейге салынған санкциялардың біздің елге де тигізер кері әсерін бағамдаймыз. Бұл дағдарыстың алдын алу мақсатында Елбасымыз «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол» атты Жолдауын арнап, алда атқарылуы тиіс бірқатар міндеттерді айқындап берді. Десе де, дағдарыстың ұзаққа созылар түрі бар. Соған байланыс­ты елімізде мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы ұсынысты Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі көтерді. Қарап отырсақ, баршамыз жаһандық экономика тұ­рақсыздығының куәсіміз. Әлемдік экономика дамуының 2015-2016 жылдарға арналған болжамдары көңілге демеу бола алмайды. Металл мен мұнайға әлемдік баға айтарлықтай құлдырауда. 2016 жылы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс шырқау шегіне жетеді деген сарапшылардың болжамы бар. Негізінен, президенттік сайлау мен парламенттік сайлау 2016 жылы қатар өтуі керек-ті. Бірақ дағдарыс жағдайында бір жылда екі сайлауды қатар өткізу ел экономикасына ауыр тиетіні айтылуда. Ең алдымен, біз ел Президентін сайлауды мерзімінен бұрын өткізіп алсақ, жаңа сай­лан­ған Президент барлық назарын Қазақстанның дамуына, эко­номиканың дағдарысқа ұшыра­мауына бұрады деп сенеміз. Мен аудандық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партия­сы мүшесінің бірі ретінде әлем­дегі күшейіп келе жатқан эко­но­ми­калық дағдарыс жағдайында Қазақстан Президентін сайлау­ды кезектен тыс өткізу идея­сын толық қолдаймын. Бұл Елбасы бастаған «Нұрлы Жол» мен ел дамуының ұзақ мерзімді бағдарламаларын іске асыруды үздіксіз жалғастыруға мүмкіндік береді деп санаймын. Керімқұл БЕГАЛИЕВ, «Зылиха» шаруа қожалығының төрағасы, Жуалы аудандық мәслихатының депутаты. Жамбыл облысы, Жуалы ауданы.

Жастар сенімі нық

Біз, жастар тәуелсіз мем­ле­кетіміздің тұғыры биіктеп, абырой-беделі өсіп, халқымыздың бірлігі жарасып, тұрмысы жыл­дан-жылға жақсаруына Елбасы­мыз Н.Ә.Назарбаевтың еңбегі өлшеусіз екенін білеміз. Қазіргі күні әлемдегі ауыр экономикалық ахуалға қарамастан сүйікті Қазақстанымыздың дамудың даңғыл жолынан тайқымай алға ұмтылуына барлық жағдайдың жасалуына көзіміз жетіп отыр. Қиындықтар бұдан да күрделене түсуі мүмкін екені де жасырын емес. Осындай сындарлы сәтте ынтымағымызды сақтап, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында қойылған мақсат-міндеттерді жұмылдыру бұған дейін де талай айғақталғандай Тұңғыш Президентіміздің ғана қолынан келетіндігі анық. Сондықтан мерзімінен бұрын сайлаудың өтуі туралы халық тілегін толық қолдаймыз. Мен біраз жылдан бері Ел­­басы еңбек жолын бастаған алып кәсіпорында жұмыс істеп келемін. Шындығын айтқанда, бүгінде жағдай жеңіл емес, өнім өткізу қиындады, табыс көзі төмендеді. Бұған алаңдап, іс-қимылымызды босаңсытып жатқанымыз жоқ. Қалай болғанда да, мұндай маңызды өндіріс тынысын тарылтпау – ең алдымен бізге сын. Өйткені, оның қалып­ты жұмысы ел экономикасына үлкен демеу. Осыны түсіне біліп, ішкі өкпе-ренішті шегере тұрып, еңбекке белсенділікті бәсең­детпеуші әріптестеріме ризалығым шексіздігін айта кеткім келеді. Бәріміздің мақсат-мүдде­­міз­дің бірлігін, еліміз келешегі үшін тұтастығымызды, намыс-жігерімізді, қайрат қайрауы­мыз­ды танытар сәт туып отыр. Барша қазақстандық замандас­тырымның Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет басқаруын қолдайтындығына сенемін. Ел өміріндегі жауапты өткелде әркімнің азаматтық парызы солай болуға тиіс деп ойлаймын. Әлібек АЛПЫСБАЕВ, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатының горновойы.  ТЕМІРТАУ.

Баянды болашаққа бетбұрыс

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің көтерген бастамасы өте орынды. Біз, жастар, толқымалы кезеңде елдің бірлігін, мемлекеттің біртұтастығын сақтау маңызды, ол көреген көшбасшы, сарабдал саясаткер Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ғана қолынан келеді деп санаймыз. Сондықтан да президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу қай жағынан алғанда да маңызды және уақыт талабы деп білеміз. Қазіргі кезде жер жүзі, әлем кеңістігі қиын кезеңдерді бас­тан кешіруде. Экономикалық дағдарыс, мемлекет ішіндегі саяси дау-жанжалдар, діни, ұлтаралық қақтығыстар әлемнің көптеген мемлекеттерінің қабырғасын қаусатып, іргесін сөккені баршамызға мәлім. Бұл тұрғыдан келгенде, біздің Отанымыздың татулық пен тыныштықтың, кемел келісімнің бесігі, Азияның кіндік мемлекеті екендігі әлемге белгілі, баршаға аян, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Осы орайда: «Сан ұлттың басын біріктірген, жаһанның тоғызыншы территориясы – Қазақстан тәуелсіздік алған ширек ғасырға толар-толмас уақыт бедерінде мұндай жетістіктерге қалай қол жеткізді?» деген сауалдың туындары заңды. Бұл сауалға «ел тарихының бетбұрыс кезеңінде мемлекет мүддесін ел болашағын бәрінен жоғары қойған Көшбасшы факторы мен жұдырықтай жұмылған еліміздің бірлігінің нәтижесі» деп жауап берсек, орынды деп ойлаймын. Бүгінгі таңда Қазақстан жаста­рының жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Білім­ге құштар жастың мемлекет есебі­нен жоғары білім алып, өз білімі­н магистратура мен докторан­турада шыңдауына, өнерлі азаматтың шы­ғармашылықпен, спортшы жас­тардың спортпен айналысуына не қажеттің бәрі бар. Мұнан өзге, үсті­міздегі жылы қабылданған «Мем­лекеттік жастар саясаты туралы» Заң жастардың түрлі жеңілдіктер мен әлеуметтік көмек, баспана алуына да септігін тигізеді. «Бақ бағалағанның басына қонады» дейді дана халқымыз. Қолда барымызды қадірлеп, бақты бағалай білсек, ел тарихының жауапты кезеңінде тізгінімізді мемлекетімізді талай сындардан сүріндірмей өткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп тапсырсақ, болашағымыздың баянды, келешегіміздің кемел боларына сенімдімін. Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттік ғылыми қоғамының төрағасы, «Жыл студенті-2014» республикалық байқауының жеңімпазы. АСТАНА.

Тарихи салмағы басым бастама

– Қазақстан халқы Ассам­­блеясының мүшелері кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу жөнінде бастама көтерді. Еліміздің саяси өмірінде мән-маңызы жоғары жаңалықты отандық телеарналарымыздан естідім. Аталған ұсыныстың Ассамблея институты өкіл­дерінің тарапынан жолдануы құптарлық жайт. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – еліміздегі барша ұлт пен ұлыстың қамқоршысы, әкесі іспетті. Ол өзінің барлық бағдарламасында Қазақстан халқының құқығын тең дәрежеде қорғауға айрықша мән беретіні мәлім. Биыл елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы жарияланды. Осы орайда қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың бастауында тұрған Ассамблея институтының 20 жылдық мерейтойымен бірге еліміздегі ең жоғары саяси оқиғаның өтуі де үйлесімді дүние деп ойлаймын. Бұл – біздің қазақстандық қоғамның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тонның ішкі бауындай болған татулығының риясыз көрінісі іспетті. Елбасы – еліміздегі жетекші тұлға. Мемлекет басшысының барлық бастамасы үнемі өзара келісім, бірлік және татулық қағидаттарымен өріліп отыратыны тегін болмаса керек. Президентіміздің парасатты, сұңғыла саясатының арқасында ішкі тыныштығымыз бен экономикалық тұрақ­ты­лығымызды сақтап, береке-бірлікте өмір сүруіміз үшін кезектен тыс сайлаудың тарихи маңызы ерекше. Еліміздегі ірі кәсіп­орын­дардың бірі саналатын «Казцинк» ЖШС ұжымы Президенттің саясатына әр кез жоғары деңгейде қолдау көрсетіп келеді. Біз әр­дайым Елбасы жүктеген үлкен міндеттердің үдесінен шығуға тырысамыз. Сондықтан мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу еліміздің әрі қарай дамуына тың серпіліс береді деген ойдамын. Юрий ГУСЕВ, «Казцинк» ЖШС бас директоры. ӨСКЕМЕН.

Ұзақ мерзімді бағдарламалар – келешектің кепілі

Қазақстан халқы Ассам­блеясының мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу бастамасын «Сарыағаш» курортының 400-ге жуық қызметкері бір­ауыздан құптайды. Ол туралы арнайы жиында да айтылды. Біз шекаралық өңірде тұрамыз. Маңайымыздағы көр­шілеріміздің жағдайы бес сау­сақтай белгілі. Көршілеріміз осыдан оншақты жыл бұрын-ақ: «Сіздердің Президенттен жол­дарыңыз болған. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мемлеке­тін көтерді. Дүниежүзі елдеріңізді біледі, санасады. Көптеген мемлекеттер «ертеңгі күніміз қандай болады?» деп ойланып жүргенде Астанадай алып, әдемі қаланы салып алдыңыздар. Әлеуметтік жәрдем жақсы, сіздердің зейнеткерлеріңіз алған зейнетақыны бізде жігіттер сырт мемлекеттерге барып, жұмыс жасап зорға әкеліп жүр. Бақыт­тысыздар ғой», деген. Мұндай әңгімені көп естіп жүрміз. Құдайға шүкір, Қазақстанның жерге қарайтындай жағдайы жоқ. Әлемдік дағдарыс мықты деген мемлекеттердің өзін қақпақылға салып жатқанда біздің Ота­ны­мыз­ оншалықты сезіне қой­ған жоқ. Индустрияландыру бағ­дар­­ламасынан бөлек ауыл ша­руа­­­шы­лығына қыруар қаржы салынды. Шаруалар мен диқандар Үкіметтен жасаған жұмысына орай субсидия алып, аяғынан нық тұрып алды. Қора сал, шыңыраудан құдық қаз, мемлекет шығарған шығыныңның жартысын өз қалтасынан өтеп береді. Қазір Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі он, он бес сауын сиыр, бордақыға ірі қара байлаған орта шаруаға субсидия, жеңіл несие алып беріп жатыр. Орта шаруа халықтың жартысынан көбін құрайтынын ескерсек, елдің ертеңін ойлаған Елбасының көрегенділігі осындай ірі істерден айқын көрінеді. «Қазақстан-2050» Страте­гия­сы, ҮМИИД бағдар­ламасы, «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол»  Жолдауы сынды мем­лекеттің алдағы өмірін, келе­шегін айқындайтын ұзақ мерзімді бағдарламаларды аяғына дейін орындауға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­шылығы керек. Өйткені, бұл бағ­дарламалар Елбасының тікелей бастамасымен дүниеге келді. Біздің мемлекеттің мақсаты үлкен, келешегі кемел, сол жақсы күндерді жақындататын, дағдарыс толқындарына соқ­тыр­майтын ұзақ мерзімді стра­те­гиялық бағдарламалары бар. Қазақстан халқы Ассам­блея­сы отандастарымыздың ортақ пікірін біліп, осындай бастама көтерді деп білеміз. Нұрсұлтан Әбішұлын мерзімнен бұрын сайлап алып, мемлекеттік мәселелерді уақтылы шешуіне мүмкіндік беруіміз керек. Бағлан БАТЫРШАЕВ, «Сарыағаш ЕОК» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты. ШЫМКЕНТ.

 Уақыт талабы осы

Қазақстан халқы Ассам­блея­сының президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы үндеуін теледидардан көріп, тыңдадық, кейін баспасөзден оқыдық. Менің ойымша барша қазақстандықтардың бірлігін бекемдеп отырған Ассамблея Кеңесі мүшелерінің бұл бастамасы баяндылығымен құнды деу орынды. Ата Заңымызға сәйкес, 2016 жылы президенттік және парламенттік сайлаулар қатар өткізілуі тиіс. Қазіргідей әлемдік оқиғалардың шапшаң дамуы жағдайында бір жылда екі бірдей сайлау өткізудің өзіндік ауыртпашылықтары болатынын былай қойғанда, бұлай қосарлап сайлау өткізу осы Конституция қағидаттарымен де қиыспайды екен. Сондықтан президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізудің реті келіп-ақ тұр. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының бұл бастамасын мен де қолдаймын, барша қазақ­стан­дықтар да солай ететініне сенімім мол. Қазір ырғалып-жырғалатын кез емес, тез шешім қабылдап, елдіктің ертеңін айқындайтын қадамдар жасау қажет. Әлемдік эко­номикалық дағдарыс пен күр­делі саяси жағдай екі бүйірден қысып тұрған күрделі кезең осылай қимылдауға итермелейді. Қазақ­с­танның көпұлтты халқы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында бірлігі мен ынтымақтастығын паш етті, сонымен қатар, Қазақстан ішкі және сыртқы саясатта жүргізілетін бағыттарды қолдай отырып, экономикасы жетік дамыған 50 елдің қатарына әлдеқайда ерте еніп үлгерді. Алайда, уақыт алға жаңа сын-қатерлерді тартуда, соны міндеттерді белгілеуде. Ең бас­тысы, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты бағдарламасын және «Қазақстан-2050» Стра­тегия­сын жүзеге асыруда да Елбасы басым бағыттарды айқындап қана қоймай, оларды жүзеге асырудың жолдарын нақтылап берді. Президенттік сайлауды 2015 жылы мерзімінен бұрын өткізу арқылы біз Елбасына өзінің ұзақ мерзімді сарабдал саясатын толық жүзеге асыруға мүмкіндік береміз. Рас, өткен кезеңде ел экономикасында айтарлықтай ілгерілеу болды, индустриялық-инновациялық ірі жобалар жүзеге асырылып, ауылдың ажары кірді. Мұның Президенттің сарабдал саясатының арқасында мүмкін болғанын қазақстандықтар біледі және терең түсінеді. Сондықтан да дағдарысты да даму тетігіне айналдыруға бағыт ұстаған Пре­зиденттен халық көп үміт күтеді. «Әлемде тұрақсыздық орын алған жаңа әрі күрделі кезеңде еліміз стратегиялық бағытынан айнымай, Қазақстанды жаңғырту және дүниежүзінің озық 30 елінің қатарына енуі үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа сенім білдіру қажет. Сонымен қатар, Елбасына сенім мандатын білдіру арқылы әлемдік дамудың жаңа кезеңінде халқымызды біріктіріп, мемлекетті дамытудағы маңызды мәселелерге ден қоюға мүмкіндік аламыз», делінген үндеуде. Біз де солай ойлаймыз, сондықтан да бұл бастаманы қызу қолдаймыз. Тілепжан ИБРАГИМОВ, «Қазақстанның 30 жылдығы» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты. Ақтөбе облысы, Қобда ауданы.